556 МЫҢ ТОННА МАҚТА, 592 МЛН ДОЛЛАР ЭКСПОРТ: ТҮРКІСТАН АГРАРЛЫҚ САЛАДА КӨШ БАСТАП ТҰР

    1 / 4

    Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «AGROFEST TURKISTAN – 2026» фестивалі өтті. Ауқымды іс-шарада өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ саланың үздік еңбеккерлері мен озат аудандар марапатталды.

    Фестиваль алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен кәсіпкерлер өз тауарларын көпшілік назарына ұсынды. Келушілер жергілікті өнімдердің түр-түрімен танысып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жетістіктерін көрді. Сонымен қатар асыл тұқымды мал көрмесі және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың таныстырылымы өтті. Жәрмеңке мен көрмені тамашалаған қонақтар өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен танысты.

    Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала еңбеккерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Бүгінде облыста 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл – республикадағы жалпы көрсеткіштің 33 пайызы.

    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, өндірісті жаңғырту және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өңір аграрлық салада елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Еліміздегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 14 пайызы облысымызға тиесілі. Биылғы 10 айда 1 трлн 252 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 7 пайызды құрады. Салаға 236 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Экспорт көлемі 592 млн долларға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,7 есеге артты. Ал өңделген өнім көлемі 150 млрд теңгеден асты. Мұның барлығы – ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі, – деді Нұралхан Көшеров.

    Мерекелік іс-шарада ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің марапаттары табысталды. Еңбегімен ерекшеленген азаматтар «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

    Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы үздік аудан ретінде Отырар ауданы бірінші орынға ие болды. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдіктері екінші және үшінші орындарды иеленді.

    Фестиваль аясында «Growmart AI» цифрлық агрохабын құру жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

    Айта кетейік, биыл облыста егіс көлемі 9 мың гектарға ұлғайып, 920 мың гектарға жетті. Диқандар 534 мың тонна астық, 1,7 млн тонна көкөніс пен картоп және 1,5 млн тонна бақша өнімдерін жинады. Әсіресе мақта шаруашылығында тарихи нәтиже тіркелді. Озық агротехнологияларды енгізудің арқасында мақтаның өнімділігі гектарына 32 центнерге жетіп, жалпы 556 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл – өңір тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар 5,6 млн тонна мал азығы дайындалды.

    Мақта-тоқыма кластерін дамыту аясында төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспалары мен пластик құбырлар шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Нәтижесінде 1 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Шардара ауданында құны 32 млрд теңге болатын, жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт іске қосылды. Биылдың өзінде 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, олардың жалпы қолданылу аумағы 164 мың гектарға жетті.

    Мал шаруашылығында да Түркістан облысының республикадағы үлесі жоғары. Қазақстаннан экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы мен қой етінің 75 пайызы облыстың үлесіне тиесілі. Биылғы 10 айда 35,5 мың тонна сиыр еті және 25 мың тонна қой еті экспортталды.

    Өңірде ет кластерін дамыту мақсатында 75 мың басқа арналған алты бордақылау алаңы мен жылдық қуаттылығы 30 мың тоннаны құрайтын ет өңдеу кешені іске қосылды. Бұдан бөлек, жылына 5 мың тонна мал сүйегінен май мен пептон өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары