ТҮРКІСТАНДА КОНСТИТУЦИЯ АЛЛЕЯСЫНЫҢ КАПСУЛАСЫ САЛЫНДЫ

    1 / 4

    Түркістан қаласында «Мәдениеттер диалогы – 2026» II халықаралық симпозиумы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Конституция аллеясының капсуласын салу рәсімі өтті.

    Салтанатты рәсім «Астана» саябағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері алаңы» жобасын жүзеге асыру аясында өтті. Оған Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, шетелдік делегациялардың өкілдері және симпозиум ұйымдастырушылары қатысты.

    Рәсімде сөз сөйлеген Эльвира Азимова Тәуелсіздік пен егемендік мемлекеттіліктің, халық бірлігінің және елдің дербес дамуының негізін айқындайтын іргелі конституциялық құндылықтар екенін атап өтті.

    – Бүгін Конституция аллеясына капсула салу – Тәуелсіздік тарихына деген құрметтің, конституциялық құндылықтарға адалдықтың және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі, – деді Конституциялық Сот төрағасы.

    Сондай-ақ ол Түркістан облысының әкіміне және қала басшылығына бастаманы қолдап, оны жүзеге асыруға атсалысқаны үшін алғыс білдірді.

    Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы Түркістанның тарихи әрі рухани маңызына тоқталды.

    – Тәуелсіздік – халқымыздың басты құндылығы әрі мемлекеттілігіміздің негізі. Оны сақтау, нығайту және келешек ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар ол Түркістанның тарихи мұрасы мен өңірдің бүгінгі дамуы арасындағы сабақтастыққа назар аударды.

    Еліміздің тарихи және рухани орталықтарының бірінде Конституция аллеясын құру ұрпақтар сабақтастығының, Ата Заңға құрметтің және конституциялық құндылықтарға адалдықтың символына айналмақ. Бастама азаматтық жауапкершілік пен ұлттық бірлікті нығайтуға, Конституция мен құқық үстемдігі мәдениетін қалыптастыруға, тарихи жадты сақтауға және құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары