ТҮРКІСТАНДАҒЫ АТШАБАРДА КӨКПАРДАН ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

    1 / 3

    Түркістан қаласындағы заманауи атшабарда ересектер арасында көкпардан Түркістан облысының чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға өңірдің аудан-қалаларынан тоғыз команда қатысып, чемпиондық атақ үшін бақ сынады.

    Жарысқа Арыс қаласының, Шардара, Бәйдібек, Түлкібас, Ордабасы, Жетісай, Сайрам, Қазығұрт және Сауран аудандарының командалары қатысып, көкпар алаңында өзара мықтыны анықтады.

    Бәсекенің шешуші кезеңінде Қазығұрт және Түлкібас аудандарының құрамалары финалға жолдама алды. Бас жүлде сарапқа салынған ақтық кездесуде қазығұрттық шабандоздар басымдық танытып, қарсыластарын 4:2 есебімен жеңді. Осылайша, Қазығұрт ауданының командасы облыс чемпионы атанды. Түлкібас ауданының құрамасы күміс жүлдеге ие болса, Жетісай ауданының командасы үшінші орынды иеленді.

    Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, облыстық көкпар федерациясының президенті Ғани Ахметбаев және вице-президенті Нұрғали Мылтықбаев марапаттады. Үздік командаларға медальдар, алғыс хаттар мен кубоктар табысталды.

    Ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, көкпар дәстүрін дәріптеуге бағытталған чемпионат өңір шабандоздарының шеберлігі мен командалық рухын тағы бір мәрте көрсетті.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары