Қазақстан БҰҰ-да жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануға шақырды

    Нью-Йорк, 2026 жылғы 25 қараша– БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичстің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Қарқынды технологиялық өзгерістер дәуіріндегі қақтығыстарды реттеу» тақырыбында жоғары деңгейдегі ашық дебаттары өтті.

    Негізгі баяндамаларды БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Мирьяна Сполярич, Халықаралық бейбітшілік институтының зерттеулер жөніндегі директоры Дженна Руссо және Microsoft корпорациясының вице-президенті Фредерик Хамфрис жасады.

    Қатысушылар жасанды интеллектіні ( ЖИ) әскери салада қолдану тәуекелдерін, автономды қару-жарақ жүйелері мен киберқауіптерді, сондай-ақ қақтығыстардың алдын алу және оларды бейбіт жолмен реттеу үшін жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

    Қазақстан өз сөзінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесінде ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект адамзат игілігіне қызмет етіп, адамның тиімді бақылауында болуы тиіс деген ұстанымы жеткізілді.

    2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы, тиісті заңның қабылдануы, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы және ұлттық суперкомпьютерлік инфрақұрылымның іске қосылуы сынды еліміздің жетістіктері таныстырылды.

    Қазақстан ЖИ-дің әскери салада қолданылуын адамның бақылауында сақтау, толық автономды летальді қару-жарақ жүйелеріне тыйым салу және халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты автономды қару-жарақ жүйелеріне қатысты заңдық тұрғыдан міндетті шектеулерді әзірлеуге қолдау білдірілді.

    Қазақстан делегациясы сондай-ақ қауіп-қатерлерді ерте анықтау, шиеленістің өршуіне жол бермеу және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу үшін ЖИ мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға шақырды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі" жаңалықтары