Нью-Йоркте Қазақстанның Республика күні мен Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті

    1 / 6

    Нью-Йорк, 2026 жылғы 21 қазан – Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде Республика күні мен ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері мен дипломаттары, БҰҰ Хатшылығы мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, БҰҰ жүйесінде қызмет ететін қазақстандықтар, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ өкілдері қатысты.

    Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қ. Омаров тәуелсіздік жылдарында еліміздің мемлекеттілігін нығайтып, Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға және сенімді халықаралық әріптеске айналғанын атап өтті.

    Саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге, оның ішінде жаңа Конституцияның қабылдануына, бір палаталы Парламентке көшуге және Вице-президент институтының енгізілуіне ерекше назар аударылды. Экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын дамыту салаларындағы жетістіктер атап өтілді. Реформалардың басты басымдығы азаматтардың әл-ауқатын арттыру болып қала беретініне мән берілді.

    Баяндаманың елеулі бөлігі БҰҰ-мен ынтымақтастыққа арналды. Қазақстандық дипломат Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы мен еліміздің ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуын еске салып, Қазақстанның ядролық қарусыздануға және ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бейілділігін растады. Сондай-ақ, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік тәжірибесі мен қазақстандық әскери қызметшілердің Ұйымның бітімгерлік операцияларына қатысуы атап өтілді.

    Тұрақты даму мәселелері аясында Қ. Омаров Алматыдағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметіне тоқталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын басқару саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы таныстырылды. Қазақстанның мәдениет аралық және дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ еліміздің бастамасымен 2026 жылдың Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы болып жарияланғаны атап өтілді.

    Баяндаманың соңында Елші халықаралық әріптестерге достық пен ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақты дамуды нығайтуға алдағы уақытта да нақты үлес қосуға дайын екенін растады.

    Қабылдау қонақтары Қазақстанды алдағы Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтап, еліміздің жетістіктерін және ядролық қарусыздануға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, БҰҰ аясындағы көпжақты диалогты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

    Іс-шара бағдарламасы аясында «Қазақконцерт» солистері өнер көрсетіп, қонақтар ұлттық мәдениетпен және ас мәзірімен танысты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі" жаңалықтары