Павлодар облысында сауда көлемі 15,6%-ға өсті: саланы дамыту үшін қандай шаралар қолға алынуда?

    1 / 5

    Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова Павлодар облысына жұмыс сапары барысында тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесіп, сауда нысандарын аралады, сондай-ақ өңірдің мемлекеттік органдарының қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді.

    Кездесулерде ішкі және электрондық сауданы дамыту, инвестиция тарту, отандық өнімнің өткізу нарығын кеңейту және бағаны тұрақтандыру мәселелері талқыланды.

    2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Павлодар облысында сауда көлемі 2,1 трлн теңгеге жетті. Нақты өсім 15,6%-ды құрады.

    Саланы одан әрі дамыту үшін 2026–2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Оның аясында сегіз бағыт бойынша 21 іс-шара қарастырылған. Жалпы құны 35,3 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда

    Биыл өңірге ішкі сауда саласындағы жобаларды субсидиялау үшін 584 млн теңге бөлінді. Жалпы несие көлемі 843 млн теңгені құрайтын сегіз жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. 2027 жылы үш сауда базарын жаңғырту жоспарланған.

    Осыған байланысты облыс әкімдігіне бизнеспен жұмысты күшейту, кәсіпкерлерді жол картасында көзделген іс-шараларды іске асыруға тарту және мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен пайдалануға ынталандыру ұсынылды.

    Бизнес өкілдерімен кездесуде Айжан Бижанова отандық өнімді ілгерілетудің жаңа тетіктері туралы айтып берді. Биылғы жылдың 20 қазаннан бастап қазақстандық тауарларға сауда алаңының және (немесе) сөре кеңістігінің кемінде 30%-ын бөлу талабы әрбір тауар санаты мен кіші санаты бойынша қолданылады. Мемлекеттік қолдау алатын сауда нысандары үшін бұл көрсеткіш 50%-ға дейін ұлғайтылды.

    «Біздің міндетіміз - қазақстандық өндірушілерге сауда инфрақұрылымын қолжетімді етіп қана қоймай, олардың өніміне тұрақты сұраныс қалыптастыру», - деді Айжан Бижанова.

    Қазақстандық ірімшікті ілгерілету жобасы өз тиімділігін көрсетті. Жоба мемлекеттік қаржы тартпай, тек маркетингтік құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылды. Атап айтқанда, өнімді сөрелерде ерекшелеу, дыбыстық хабарландырулар тарату және тұтынушыларға өнім туралы ақпарат беру тәсілдері қолданылды.

    Вице-министр отандық тауар өндірушілерді сауда желілерімен бірлесіп, осы тәжірибені кеңінен қолдануға шақырды. Бұл тәсілді басқа да тауар санаттарына бейімдеуге болады. Ең алдымен, өндірушілердің өздері өнімінің танымалдылығын арттыруға және оған деген сұранысты қалыптастыруға мүдделі болуы тиіс.

    Кездесуде «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан AgroTrade электрондық сауда алаңына да ерекше назар аударылды. Қазір платформада бес елден 528 қатысушы тіркелген. Экспорттық жеткізілімдердің көлемі 1,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл сауда алаңы Павлодар облысының тауар өндірушілеріне өнім өткізу географиясын кеңейтіп, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

    Сондай-ақ Айжан Бижанова отандық тауар өндірушілерді ұлттық стандарттарды әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды. Ұлттық стандарттар отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және ішкі нарықты сапасыз импорттан қорғаудың маңызды құралдарының бірі.

    Өңірдегі баға тұрақтылығы мәселесі де талқыланды. Жыл басынан бері облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,8%-ға өскен. Ал республикалық көрсеткіш 2,1%-ды құрады. Өндірушілердің өз өнімдерін тікелей өткізуіне мүмкіндік жасау үшін облыста 536 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

    Жұмыс сапары аясында вице-министр Greenwich гипермаркетіне де барды. Мұнда сатылатын тауарлардың 50%-дан астамы - отандық өнім. Сауда желісінің басшылығымен жергілікті өндірушілердің өнімдерін одан әрі ілгерілету мүмкіндіктері талқыланды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі" жаңалықтары