Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Таяу Шығыстағы шиеленістің деэскалациясына шақырды

    Нью-Йорк, 2026 жылғы 15 қазан – БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Грекияның төрағалығымен Таяу Шығыстағы ахуал, соның ішінде Палестина мәселесі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тоқсан сайынғы ашық пікірталасы өтті. Отырысқа 70 спикер қатысты. Негізгі баяндамашы ретінде БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесі жөніндегі Арнайы үйлестірушісінің міндетін атқарушы Рамиз Алакбаров сөз сөйледі.

    Пікірталасқа Қазақстан атынан ҚР-ның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысып, өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша еліміздің ұстанымын таныстырды.

    Қазақ дипломаты өз сөзінде Таяу Шығыста сақталып отырған шиеленіске алаңдаушылық білдіріп, қақтығыстарды саяси-дипломатиялық жолмен реттеу және одан әрі өршуіне жол бермеу қажеттігін атап өтті.

    Қазақстан екі мемлекет қағидаты негізіндегі шешімді және осы бағыттағы нақты қадамдарға негіз болатын Нью-Йорк декларациясын қолдайтынын растады. Гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуіне, бейбіт тұрғындарды қорғауға және Газаны қалпына келтіруге, сондай-ақ БҰҰ-ның, оның ішінде Палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі Таяу Шығыс агенттігінің ( UNRWA) орталық рөліне ерекше назар аударылды.

    Қазақстанның Газадағы жағдайды тұрақтандыруға және оны қалпына келтіруге, оның ішінде азаматтық инфрақұрылымды қалпына келтіру, азық-түлік қауіпсіздігі және цифрландыру салаларында практикалық үлес қосуға дайын екені атап өтілді. Осы тұрғыда штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының әлеуетін пайдалану ұсынылды.

    Сонымен қатар, Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу ниеті атап өтілді. Еліміз бұл келісімдерді БҰҰ аясындағы екі мемлекет қағидаты негізіндегі шешімге бағытталған саяси процеске жәрдемдесетін қосымша платформа ретінде қарастырады.

    Сөз соңында Қазақстан барлық тараптарды барынша ұстамдылық танытуға, диалог пен дипломатияға басымдық беруге шақырып, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі" жаңалықтары