Нью-Йорк, 2026 жылғы 29 қазан – БҰҰ штаб-пәтерінде Грек Республикасының төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 тарихи қарарының қабылданғанына 26 жыл толуына орайластырылған «Келесі ширек ғасырдағы әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік: уәделерді іске асыру арқылы орындау» тақырыбында Қауіпсіздік Кеңесінің ашық пікірталастары өтті.
Аталған іс-шара 110-нан астам баяндамашының басын қосып, халықаралық қоғамдастықтың ерекше назарын аударды. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриш, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Атқарушы директоры С. Бахус, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер мен азаматтық сектор өкілдері бар.
Іс-шара барысында Қазақстан делегациясы «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі елдің ұлттық және халықаралық басымдығы болып табылатынын атап өтті. Қазақстан міндеттемелерден нақты іс-қимылдарға көшуді көрсетті: ел БҰҰ ҚК 1325 қарарын іске асыру жөніндегі бірінші Ұлттық іс-қимыл жоспарын (2022-2025 жж.) табысты аяқтап, 2026-2028 жылдарға арналған екінші Ұлттық жоспарды іске қосты. Жаңа құжат 40 нақты шараны қамтиды және заманауи сынақтарға - климаттың өзгеруіне, цифрландыруға, кибертәуекелдерге, миграцияға және әлеуметтік-экономикалық қатерлерге бейімделген.
Ұлттық деңгейде Қазақстан Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы мен Президенттің Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы Жарлығы шеңберінде басшылық лауазымдарда кемінде 30% әйелдер өкілдігін қамтамасыз ету мақсатын бекітті. Тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықты толығымен қылмыстандыратын заңның қабылдануы да маңызды қадам болды.
Сонымен қатар елдің ішкі түрленулері оның практикалық бітімгершілік үлесімен үйлесімді толықтырылатыны атап өтілді. Қазақстандық әйел әскери қызметшілер БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы және Африкадағы бітімгершілік миссияларына табысты қатысуда. Қазақстанның бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) бейбіт халықты қорғау және гендерлік тәсілді интеграциялау бойынша БҰҰ сертификаттаған курстар тұрақты өткізілетін маңызды халықаралық алаң болып табылады.
Сөз соңында Қазақстан өзінің бітімгершілік қатысуын кеңейтуге және халықаралық қауіпсіздіктің негізгі архитекторлары ретіндегі әйелдердің рөлін нығайтуға дайындығын растады.







