Республика күні М. Жұмабаев ауданының Булаево, Возвышенка және Қарақоға ауылдарындағы жаңадан ашылған үш «Жас сақшы» сыныбының оқушыларының есінде ұзақ сақталмақ. Бірінші тоқсанның соңында полицейлер оқушыларға Петропавлға экскурсия ұйымдастырды. Аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Нарлан Жұмабаевтың сүйемелдеуімен балалар облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, туған өлкесінің тарихымен танысты. Сондай-ақ мереке қарсаңында полицейлер ұйымдастырған салтанатты іс-шараға қатысты.
М. Жұмабаев ауданында үш «Жас сақшы» сыныбы қыркүйек айында ашылды. Онда 48 сегізінші сынып оқушысы білім алады. Жалпы білім беру бағдарламасымен қатар, олар құқық негіздерін меңгеріп, дене шынықтырумен айналысады, полиция қызметкерлерімен және ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездеседі. «Жас сақшы» сыныбында оқу болашақта Қазақстан Республикасы ІІМ-нің жоғары оқу орындарына түсу кезінде артықшылық береді.
Салтанатты іс-шарада оқушылар Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Руслан Назаровпен тілдесіп, естелік суретке түсті. Олар қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін полицейлердің, балаларын лайықты тәрбиелегені үшін жас қызметкерлердің ата-аналарының марапатталғанын көрді. Сондай-ақ жас кадрларды тәрбиелеуге үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Погон таққан «Жас сақшы» ұл-қыздары мереке күндері СҚО полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаратынын білді. Тәртіп сақшылары өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті күзетеді.









