Қала әкімі құрылыс және инфрақұрылым нысандарындағы жұмыстардың барысын тексерді

    1 / 21

    Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қала аумағындағы бірқатар құрылыс және инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен сапасын бақылауға алды.

    Алдымен шаһар басшысы «Ынтымақ» тұрғын үй алабында салынып жатқан бес қабатты бес тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы саны 200 пәтерді құрайтын нысандарда бұған дейін анықталған кемшіліктер жойылып, берілген ескертулер ескерілген. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

    Келесі кезекте «Құлагер» шағын ауданындағы №26 тұрғын үйге барды. Мұнда электрмен жабдықтау жұмыстары толық аяқталып, қалған жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.

    Сондай-ақ қала әкімі «Оңтүстік-Батыс» ауданын жылумен қамтамасыз етуге арналған, қуаттылығы сағатына 49 Гкал болатын жаңа қазандықтың аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бүгінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, нысанды пайдалануға беруге дайындық жүргізілуде.

    Бұдан бөлек, Біржан сал көшесінде «Ұлттық жоба» аясында жаңғыртылып жатқан жылу желілерінің учаскесін аралады. Аталған аумақта асфальт төсеу жұмыстары басталған. Қала басшысы жол жабынын қалпына келтіру сапасына ерекше назар аударды.

    Аралау барысында «Креативті орталық» ғимаратындағы қайта жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Мұнда бұған дейін анықталған кемшіліктер толық жойылып, нысанды жаңарту жұмыстары жалғасуда.

    Сонымен қатар «Ардагерлер» саябағында орнатылған автоматты суару жүйесінің жай-күйі тексерілді. Қазіргі уақытта жүйені орнату жұмыстары толық аяқталып, оның жұмыс істеу тиімділігі сынақтан өткізілуде.

    Аралау қорытындысында қала әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Талдықорған қаласының әкімдігі" жаңалықтары