Талдықорғанда әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері марапатталды

    1 / 13

    Бүгін Талдықорғанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

    Мерекелік жиынға қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, үздік қызметкерлерді марапаттады.

    Жиында сөз сөйлеген қала әкімі әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, олардың күнделікті еңбегі адам өмірінің сапасын жақсартуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға қамқорлық көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

    - Әлеуметтік қызметкерлер қоғамдағы ең құрметті мамандық иелерінің бірі. Сіздер күн сайын адамдарға жылулық пен қамқорлық сыйлап, өмірлік қиындықтарды еңсеруге көмектесіп келесіздер. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен мейірімді жүректеріңіздің арқасында көптеген отбасылар ертеңгі күнге деген үміт пен сенімге ие болып отыр. Бұл үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін абыройлы еңбек, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

    Салтанатты шара барысында сала ардагерлері мен өз қызметінде жоғары жауапкершілік пен кәсібилік танытып жүрген 18 маман қала әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.

    Марапатталғандар қатарында Мансап орталығының, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының және үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекеменің қызметкерлері бар.

    Айта кетейік, бүгінде Талдықорған қаласында әлеуметтік қолдау бағытында жұмыс істейтін төрт бейінді мекемеде 60-қа жуық әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Олар көмекке мұқтаж азаматтарға сегіз бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға өз үлестерін қосуда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Талдықорған қаласының әкімдігі" жаңалықтары