Республика күні қарсаңында Талдықорғанда «Genium» балаларды дамыту орталығы ашылды

    1 / 15

    Бүгін Талдықорғанда Республика күні қарсаңында «Genium» балаларды дамыту орталығының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, орталық ұжымын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ айтулы мерекеге орай құттықтау хатын табыстады.

    Салтанатты шара барысында қала басшысы балалардың қабілеттерін дамытуға, сапалы білім алуына және олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, қажетті қолдау көрсетуге бағытталған орталықтардың маңыздылығына тоқталды.

    «Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау, олардың қабілеттерін ашып, сапалы білім алуына мүмкіндік беру – маңызды міндеттердің бірі. Жаңа орталықтың ашылуы қаламыздың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және өскелең ұрпақтың қалыптасуына қолайлы орта құруға қосылған үлес. Мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі – балалардың сапалы білім алуына, қабілеттерін жетілдіруіне және қоғамда өз орнын табуына қажетті жағдай қалыптастыру», – деді Ернат Бәзіл.

    Жаңа орталық екі қабатты ғимаратта орналасқан және 1,5 және 7 жас аралығындағы 150 балаға арналған. Мұнда балалардың дамуына қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 15 кабинет бар. Толық және жарты күндік топтар жұмыс істейді. Сонымен қатар бес жастан бастап мектепалды даярлық сабақтары өткізіледі.

    Орталықта балалардың сөйлеу тілін қалыптастыруға, психофизикалық даму ерекшеліктерін түзетуге және танымдық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған жеке әрі топтық сабақтар ұйымдастырылады.

    Орталық жетекшісі Мадина Қуанышбайқызының айтуынша, мұнда логопед, дефектолог, психолог, нейропсихолог, нейропедагог, сенсорлық интеграция және бейімделген дене шынықтыру мамандары, сондай-ақ Brain-тренерді қоса алғанда, 30-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Ол жаңа орталықтың ашылуы алты жылдық қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтіп, осы бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсеткен отбасына және ұжымына алғысын білдірді.

    Айта кетейік, қазіргі таңда облыс орталығында осындай бағытта жұмыс істейтін 8 балаларды дамыту орталығы бар.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Талдықорған қаласының әкімдігі" жаңалықтары