Бүгін Талдықорған қаласы әкімдігінің мәжіліс залында көпбалалы аналарды марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті.
Шара барысында қала әкімі Ернат Бәзіл көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын табыстап, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі мен қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.
Салтанатты жиында барлығы 12 көпбалалы ана марапатталды. Атап айтқанда, 4 анаға «Алтын алқа», 8 анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды.
Жиында сөз сөйлеген қала әкімі Ернат Бәзіл аналардың отбасы құндылықтарын нығайтудағы, ұлттық тәрбиені дәріптеудегі және саналы ұрпақ қалыптастырудағы ерекше еңбегіне тоқталды.
– Ана отбасының берекесі, ұрпақтың тірегі. Бала тәрбиесі мен шаңырақтың жылуын қатар сақтап, қоғамға өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған әрбір ананың еңбегі зор құрметке лайық. Бүгінгі мемлекеттік награда сіздердің қажырлы еңбектеріңізге көрсетілген ел құрметінің айқын белгісі. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, балаларыңызға жарқын болашақ тілеймін, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Өз кезегінде марапат иелерінің атынан сөз алған 7 баланың анасы, білікті ұстаз Бота Мухаметчинова көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, бұл марапаттың өзі үшін ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
– Ана үшін балаларының амандығы мен отбасының тыныштығынан асқан бақыт жоқ. Бүгінгі марапатты аналық еңбегімізге берілген жоғары баға деп қабылдаймын. Бізге көрсетілген осындай құрмет пен қолдау үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Бота Мухаметчинова.
Салтанатты шара көпбалалы аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және ана еңбегіне деген құрметті нығайтуға бағытталды.









