Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Кеңес Одағының екі мәрте Батыры И.В. Панфилов атындағы 18404 әскери бөлімге барып, әскери қызметшілердің қызмет жағдайымен және бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты.
Әкім әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық деңгейіне, әскери бөлімдегі қызметтің ұйымдастырылуына және сарбаздарға жасалған жағдайларға назар аударды. Сондай-ақ десанттық-шабуылдау әскерлерінің қызмет ерекшеліктерімен танысты.
Кездесу аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда әскери қызметте қолданылатын қару-жарақ үлгілері, арнайы техника мен заманауи жабдықтар таныстырылды. Сонымен қатар әскери қызметшілердің жауынгерлік міндеттерді орындау барысында пайдаланатын құрал-жабдықтары көрсетілді.
Қала әкімі Ернат Бәзіл әскери қызметтің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздарға ізгі тілегін білдірді.
«Әскери қызмет үлкен жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін абыройлы міндет. Жеке құрамның жауынгерлік даярлығы жоғары болып, әрбір сарбаздың өзіне жүктелген міндетті адал әрі жауапкершілікпен атқаруы аса маңызды. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас азаматтарды қолдау, олардың еңбегін бағалау және әскери қызметтің беделін арттыру баршамызға ортақ міндет. Сіздерге зор денсаулық, қайсар рух, қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Кездесу соңында әскери қызмет барысында үлгілі тәртібімен, жоғары жауапкершілігімен және жауынгерлік даярлықтағы жетістіктерімен ерекшеленген мерзімді әскери қызметшілер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.









