Терроризм мен адам құқықтары – адамзат өркениетінің ең нәзік әрі ең күрделі түйіндерінің бірі. Бірі – үрей мен зорлықтың қара бұлты болса, екіншісі – үміт пен әділеттің шырағы. Осы екі ұғым бір кеңістікте тоғысқанда, қоғамның рухани болмысы сынға түседі.
Белгілі теолог, республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Бақтияр Оспановтың айтуынша: «Терроризм – тек қана жарылыс пен оқ атудан тұрмайды. Ол – адам жүрегіне ұялаған қорқыныш, ертеңге деген сенімнің шайқалуы, бейбіт өмірдің іргесінің сөгілуі. Террорлық әрекет орын алған жерде тек ғимараттар ғана қирап қоймайды, адамдардың бір-біріне деген сенімі де күйрейді. Қоғам үрейдің құрсауында қалғанда, еркіндік шегіне бастайды. Адамның өмір сүру құқығы, ой еркіндігі, ар-намысы мен қадір-қасиеті – кез келген мемлекеттің тірегі. Егер осы құқықтар аяққа тапталса, қоғам сырттай тыныш көрінгенімен, ішінен іріп, әлсірей бастайды. Мәселенің ең күрделі тұсы – терроризммен күрес барысында адам құқықтарының шектелу қаупі. Қауіпсіздік пен еркіндік таразының екі басындай тең тұруы тиіс. Егер мемлекет қауіпсіздік үшін шектен тыс қатал шараларға барса, ол өз қолымен адам құқықтарын әлсіретуі мүмкін. Ал керісінше, тым жұмсақтық танытса, қоғам террор қаупіне осал болады. Сондықтан бұл жерде даналық қажет. Терроризмге қарсы күрес тек күшпен емес, сана мен білім арқылы да жүргізілуі тиіс. Адамды зорлыққа итермелейтін себептер – әділетсіздік, кедейлік, оқшаулану, рухани бос кеңістік. Осыларды жоймай, тек салдармен күресу – көлеңкемен айқасқанмен тең. Адам құқықтарын қорғау – тек заңның міндеті емес, ол – әрбір азаматтың ішкі мәдениеті. Егер қоғамда бір-бірінің құқығына құрмет жоғары болса, онда терроризмге орын азаяды. Себебі зорлық көбіне түсінбеушілік пен өшпенділіктен туады» дейді.
Расында, терроризм - адам құқықтарының қаншалықты маңызды екенін көрсетсе, адам құқықтары - терроризмге қарсы тұратын ең мықты қалқан бола алады.
Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды








