Қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу – мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен қоғамның бірлігін сақтаудағы ең маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда Қызылорда облысында түрлі мекемелер мен ұйымдарда кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, халықтың әртүрлі санаттарын қамтыған кездесулер мен акциялар ұйымдастырылды.
Қазалы аудандық көлік-техникалық жоғары колледжінде студент жастармен «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Жастар – қоғамның болашағы болғандықтан, олардың дұрыс бағытта тәрбиеленуі аса маңызды. Кездесу барысында студенттерге жат діни ағымдардың белгілері, олардың қоғамға тигізер зияны және одан сақтану жолдары кеңінен түсіндірілді.
Қызылорда облысы ТЖД жедел құтқару жасағы мен Қармақшы ауданы Төретам кентінде орналасқан «Сыр-СУ» мекемесінде де арнайы кездесулер ұйымдастырылып, қызметкерлерге дінтанулық сауаттылықтың маңызы түсіндірілді. Мұндай шаралар еңбек ұжымдарында тұрақтылық пен ауызбіршілікті нығайтуға ықпал етеді.
Қармақшы ауданының Ақай ауылында кәсіпкерлерге «Теріс діни ағымдардан сақтану» тақырыбында акция жүргізіліп, халық көп шоғырланатын орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл – ақпаратты барынша кең аудиторияға жеткізудің тиімді тәсілі.
Арал аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерлерімен «Тәртіпті елдің татулығы тұрақты» және «Шетелде діни білім алудың қауіптілігі» тақырыптарында кездесу өткізілді. Шетелде бақылаусыз діни білім алу кейбір жағдайларда радикалды көзқарастардың қалыптасуына алып келуі мүмкін екені айтылып, ресми және сенімді білім көздеріне жүгінудің маңыздылығы атап өтілді.
Қазалы ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымына да «Тәртіпті елдің – татулығы тұрақты» тақырыбында ақпараттық акция ұйымдастырылып, қоғамдағы заң мен тәртіптің сақталуы – бейбіт өмірдің негізі екені түсіндірілді. Сонымен қатар, Қазалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша арнайы ақпараттық жұмыстар жүргізілді.
Арал қаласында мәдениет саласының қызметкерлері мен бюджеттік ұйым мамандарымен кездесулер өткізіліп, рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық бірлікті нығайту мәселелері қозғалды. «Өркениет» колледжі, Абылайхан атындағы колледж және Қармақшы ауданы аграрлық-техникалық колледждерінде студент жастармен кездесулер ұйымдастырылды.
Барлық іс-шараларға Қызылорда облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог мамандары қатысып, жастар мен тұрғындарға маңызды ақпараттар берді. Мамандар діни экстремизмнің алдын алу жолдарын түсіндіріп, күмәнді діни контенттен сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, заңсыз діни әрекеттердің салдары ауыр екенін, оның соңы қылмыстық жауапкершілікке, тіпті бас бостандығынан айыру жазасына әкелетінін ескертті.
Кездесулер барысында зайырлылық қағидаттарының мәні, қоғамдағы татулық пен келісімнің рөлі, ұлттық құндылықтардың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді. Бұл шаралар жұмыстар халықтың діни сауаттылығын арттыруға, радикалды идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған.
Материал Қызылорда облысы бойынша ТҚК аппаратының ақпараты негізінде дайындалды









