АТЫРАУДА РУХАНИ КЕЛІСІМ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

    1 / 27
    Атырауда 18 қазан – Рухани келісім күніне орай «Рухани келісім – қоғам бірлігінің бастауы» атты салтанатты жиын өтті. Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, дін саласының мамандары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
    Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, қоғамдық келісімді нығайту мен конфессияаралық татулықты сақтау ел дамуының маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ «Жәрдем-Атырау» КҚ-ның директоры Артур Айтмағамбетов шараны жүргізіп, өскелең ұрпақты бейбітшілік пен бірлікке тәрбиелеу және азаматтар арасында өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
    Одан әрі «Алия» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Михаил Щадилов пен «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Хаят Джапаров құттықтау сөз сөйлеп, рухани келісімнің қоғам өміріндегі орнын атап өтті. Олардың айтуынша, әртүрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында ынтымақпен өмір сүруі, өзара сыйластық пен түсіністік танытуы – ел бірлігін айқындайтын басты құндылықтардың бірі.
    Шара барысында жастардың қоғамдық келісім мен бейбітшілік құндылықтарына деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталған «Рухани келісім – жарқын болашақ» атты бейнеролик байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жастардың шығармашылық әлеуетін ұштап қана қоймай, бейбітшілік пен тұрақтылық идеяларын заманауи форматта насихаттауға мүмкіндік берген байқауда жүлделі үшінші орын(30 000 теңге) Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің студенті Шаттық Сатбергеноваға «Экстремизмге жол жоқ!» атты жұмысы үшін берілді. Екінші орынды(50 000 теңге) Атырау жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінің «Мейіргер ісі» мамандығының студенттері иеленсе, бірінші орын(70 000 теңге) Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің студенті Гүлзат Жанбулға «Бірліктің үні – болашақтың үні» атты бейнеролигі үшін бұйырды.
    Байқаудың жеңімпазы Гүлзат үшін бұл жетістік – бейбітшіліктің мәнін тереңірек түсінуге жол ашқан маңызды тәжірибе екенін ерекше жеткізді:
    — Бұл байқау шығармашылық қабілетімді көрсетуге ғана емес, қоғамымыздағы бейбітшілік, бірлік пен рухани келісімнің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Бейнероликті дайындау барысында діни толеранттылық, ұлтаралық татулық, жастардың діни сауаттылығы және экстремизмнің алдын алу тақырыптары бойынша көптеген пайдалы ақпаратпен таныстым. Әсіресе,еліміздегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің өзара сыйластықта өмір сүруі мені ерекше әсерге бөледі. Осы құндылықтардың маңызын өз жұмысым арқылы көпшілікке жеткізуді мақсат еттім, – дейді байқаудың бірінші орын иегері.
    Сондай-ақ жеңімпаз осындай маңызды байқауда топ жаруды үлкен мәртебе санайтынын жеткізіп, колледж басшылығына және ұстаздарына, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:
    — Мен үшін бұл жеңістің ең үлкен мәні – рухани келісім мен бейбітшіліктің құндылығын түсініп қана қоймай, оны өз шығармашылығым арқылы насихаттай алуым. Ал ұйымдастыру алқасының жастарды осындай тағылымды бастамаларға тартып, елмен етене жұмыс істеп, жас буынның үнін тыңдап отырғаны қуантады, олардың әлеуетін ашуға бағытталған мұндай бастамалар әлі де жалғасын табады деп сенемін – дейді Гүлзат.
    Байқауға қатысқан Атырау жоғары медициналық колледжінің, Атырау энергетика және құрылыс колледжінің, Атырау жоғары көпсалалы «Болашақ» колледжінің және Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің студенттеріне белсенділіктері үшін алғысхаттармен қоса ақшалай сыйлықтар табысталды.
    Салтанатты жиынның тағы бір маңызды бөлігі – қоғамдық келісімді нығайтуға, діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және рухани құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып жүрген азаматтарға ҚР Дін істері комитеті төрағасының, Атырау облысы әкімінің орынбасарының және Атырау облысы Дін істері басқармасы басшысының алғысхаттары табысталды. Марапат иелерінің қатарында мемлекеттік органдардың қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, теологтар, қоғамдық қор мамандары және ақпарат саласының өкілдері бар. Бұл марапаттар – күнделікті қызметінде қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, діни сауаттылықты арттыруға, қоғамдағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға күш салып жүрген азаматтардың еңбегіне берілген баға деп білеміз. Әсіресе, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастардың рухани қауіпсіздігіне мән беріп, түрлі көзқарастағы адамдар арасындағы диалогты дамытуға атсалысатын мамандардың рөлі айрықша.
    Рухани келісім күні – қоғамды ортақ мұратқа жұмылдыратын, адамгершілік пен сыйластықтың қадірін еске салатын айтулы мереке. Ал татулықты сақтау – тек жекелеген мекемелердің немесе мамандардың міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Атырауда өткен салтанатты жиын осы ұстанымды тағы бір мәрте айқындады.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының Дін істері басқармасы" жаңалықтары