Ұлытау облысында дін саласындағы мәселелерді ақпараттық кеңістікте сауатты әрі жауапты жариялау тақырыбында журналистер мен ақпараттық ресурстар өкілдеріне арналған семинар өтті.
«Ақпарат, нарратив, жауапкершілік: зайырлы қоғамның медиадағы бейнесі» тақырыбындағы іс-шараны Ұлытау облысының дін істері басқармасы ұйымдастырды.
Кездесуде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға радикалды және деструктивті идеологиялардың таралуына жол бермеу, күмәнді діни контентті жариялау кезінде ақпарат көздерін мұқият тексеру, арандатушылық сипаттағы материалдардан сақтану және профилактикалық мазмұндағы ақпаратты дұрыс ұсыну тәсілдері түсіндірілді.
Сонымен қатар, экстремистік идеологияның белгілерін қоғамға түсіндіруде, азаматтардың медиасауаттылығын арттыруда және жастарды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғауда журналистердің жауапкершілігі сөз болды.
Семинарда ақпараттың нақтылығы мен объективтілігіне, кәсіби этикаға, медиадағы нарративтердің қалыптасуына және дін саласындағы күрделі әрі сезімтал тақырыптарды аудиторияға дұрыс жеткізу мәселелеріне басымдық берілді.
Семинар барысында дін және зайырлылық мәселелері, діни бірлестіктердің қызметі, конфессияаралық қатынастар, сондай-ақ қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялаудың ерекшеліктері талқыланды.
Лектор ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Толғанай Мустафина қатысты.
Практикалық бөлімде қатысушылар нақты ақпараттық материалдарға талдау жасап, діни тақырыптарды жариялау барысында кездесетін мәселелерді талқылады. Журналистер мен ақпараттық ресурстар өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.
Іс-шара дін саласындағы ақпаратты объективті әрі жауапты тарату мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталды.
Материал Ұлытау облысы ТҚК аппараты ұсынған ақпарат негізінде дайындалды









