Павлодар облысында абаттандыру қағидаларын бұзудың 6 мыңнан астам дерегі анықталды

    «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Павлодар облысының полицейлері абаттандыру қағидаларын бұзу мен қоғамдық орындарды ластаудың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
    Негізгі назар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болатын аумақтарға аударылуда. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоқыс пен құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға тастайтын, сондай-ақ лас суды рұқсат етілмеген жерлерге төгетін тұлғаларды анықтауда.
    - Мәселен, Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінде орналасқан нысандардың бірінің иесі аумақта қоқыстың жиналуына жол берген. Ал Ертіс ауданының Голубовка ауылында бір тұрғын өз ауласының сыртындағы қоғамдық пайдалануға арналған аумаққа күл төгіп, абаттандыру қағидаларын бұзған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік материалдар толтырылды, - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті.
    Жыл басынан бері полицейлер абаттандыру саласында 6247 құқық бұзушылықтың жолын кесті.
    Полиция тұрғындарды бейжай қалмай, тазалық пен тәртіпті сақтауға өз үлестерін қосуға шақырады. Егер сіз қоғамдық орындардың ластанғанын немесе құрылыс және басқа да қалдықтардың белгіленбеген жерлерге төгілгенін байқасаңыз, бұл туралы 102 нөміріне хабарлаңыз.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары