«Құқықтық тәртіп» ЖПІШ: полиция құқық бұзушылықтардың жолын кесті

    Облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Іс-шара аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындар мен қала көшелерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылдауда. Сондай-ақ патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, тұрғын үй кешендерінің аулаларында, халық көп жиналатын орындарда және демалыс аймақтарында жаяу патрульдік жасақтардың саны арттырылды.
    – ЖПІШ басталғалы бері тәртіп сақшылары 1058 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 229 дерек алкогольдік ішімдіктерді ішуге, 33 дерек ұсақ бұзақылыққа қатысты. Сонымен қатар 18 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны анықталды, – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
    Осы күндері алкоголь өнімдерінің айналымы саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау жұмыстары да күшейтілді. Мәселен, Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінде алкоголь өнімдерін сату қағидаларын бұзу дерегі анықталды. Дүкен қызметкері заңнамада белгіленбеген уақытта ер адамға алкоголь өнімін сатқан.
    Сауда нысанының иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Ал сатушыға алкоголь өнімдерін сатудың заңмен белгіленген уақытын сақтау қажеттігі және талаптарды бұзудың салдары түсіндірілді.
    Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары