Ақтөбеде заманауи IT-технологияларды тегін меңгеруге мүмкіндік беретін AQTOBE IT HUB ашылды

    Республика күні қарсаңында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің базасында заманауи білім беру орталығы – AQTOBE IT HUB ашылды. Мұнда бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект және басқа да цифрлық бағыттар бойынша білім беріледі.

    🔵 Жаңа орталық оқушылар мен жастардың сұранысқа ие дағдыларды меңгеруіне, өз жобаларын жүзеге асыруына және болашақ мамандықтарға дайындалуына септігін тигізеді.

    🔹 Облыс әкімі Асхат Шахаровқа жаңа алаңның мүмкіндіктері, заманауи жабдықтары мен оқыту бағыттары таныстырылды.

    💬 «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жасанды интеллекті, цифрлық технологияларды дамыту және білікті IT-мамандар даярлау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Балалар мен жастардың заманауи технологияларды меңгеріп, сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау маңызды. Сапасы жоғары жабдықтарды пайдалануға кез келген адамның мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан жастардың қабілетін дамыту, өз жобаларын жүзеге асыру және сұранысқа ие мамандықтарға дайындалуына қажетті жағдай жасап жатырмыз. AQTOBE IT HUB жаңа идеялар мен практикалық білімнің, кәсіби дамудың орталығына айналады деп сенемін», – деді Асхат Шахаров.

    Өңір басшысы орталықтың жұмысы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылатынын атап өтті. Бұл шетелдік мамандарды тартуға, жергілікті педагогтердің біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастыруға сеп. Қарастырылған бағдарламалар бойынша оқу тегін жүргізіледі. Осылайша, өңір тұрғындары заманауи технологияларды меңгеріп, IT-мамандықтарды игеруге қосымша мүмкіндік алады.

    Іс-шара барысында жаңа кеңістіктің мүмкіндіктері, заманауи жабдықтар мен оқу кабинеттерінің жұмысы көрсетілді. Орталық өңір тұрғындары үшін қолжетімді болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" жаңалықтары