-Павлодар облысының жолдарында жылдамдықты асыру мәселесі өзекті болып отыр. Ескертулер мен айыппұлдарға қарамастан, көптеген жүргізушілер белгіленген жылдамдық режимін бұзуды жалғастыруда. Бұл туралы Павлодар облысының Полиция департаменті хабарлайды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Павлодар облысында жол қозғалысын бақылауға және жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын тіркеуге арналған «ZEREK 2» интеллектуалды жүйелері жұмыс істейді. Сонымен қатар «Кибер-шериф» және «Ekin Patrol G2» мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендері қолданылады.
2026 жылдың басынан бері жылдамдық режимін бұзудың шамамен 133 мың дерегі анықталған.
Мәселен, Lexus RX330 маркалы автокөліктің жүргізушісі бейнекамераларға 14 рет түскен. Құқық бұзушы жылдамдықты асырып жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
— Жылдамдықты асырудың негізгі себептерінің бірі — асығыстық. Жүргізушілер межелі жерге тезірек жету үшін әр минутты үнемдеуге тырысады. Алайда бірнеше минут үнемдеу үшін өз өміріңіз бен өзге адамдардың өміріне қауіп төндірудің қажеті жоқ, — деп еске салды полиция ведомствосы.








