Мал ұрлығының алдын алу және қараусыз мал жаюға жол бермеу

    Павлодар облысында полиция мал ұрлығының алдын алу және малды қараусыз жаюға жол бермеу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
    Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен кездесіп, мал иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және күтіп-бағу қағидаларын сақтау қажеттігін түсіндіруде.
    – Жыл басынан бері малды күтіп-бағу қағидаларын бұзғаны үшін 2 035 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыста қараусыз жүрген жануарларға арналған 128 уақытша қора жұмыс істейді. Айыппұл тұрағына 27 800 бас мал қамалды. Оның ішінде 13 300 жылқы, 7 500 бас ірі қара және 7 000 бас ұсақ мал бар. Көбіне қараусыз жүретін жануарлар – жылқылар, – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.
    Патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар күн сайын, соның ішінде автомобиль жолдарының бойында, малды қараусыз жаю деректерін анықтауда.
    Профилактикалық іс-шаралар шаруа және фермер қожалықтарында, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде (ЖШС), сондай-ақ мал жайылымдарында да жүргізілуде. Мал иелеріне GPS-трекерлерді пайдалану, малды міндетті түрде бірдейлендіру және жануарлардың иелері, бақташылар мен әкімдіктер арасында үшжақты шарттар жасасу қажеттігі ескертіледі.
    Малды жаю қағидалары мен жануарларды бірдейлендіру талаптарын жүйелі түрде бұзатын тұлғаларға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.
    Полиция мал иелерін жануарларды күтіп-бағуға жауапкершілікпен қарап, оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары