АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНДАҒЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жаңақала ауданына жұмыс сапары барысында «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығына барды. Сапарға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Мұқаев пен тиісті басқарма басшылары да қатысты.
Өңір басшысы медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен, емделушілерге көрсетілетін қызмет түрлерімен және оңалту шараларының ұйымдастырылуымен танысты.
2009 жылы ашылған мамандандырылған медициналық мекеме 100 орынға лайықталған. Қазіргі таңда орталықта 109 қызметкер еңбек етеді.
Мекемеде емдік дене шынықтыруға басымдық берілген. Сонымен қатар тұзды шахта, оттекті коктейль, балшықпен, парафин және озокеритпен емдеу, балқарағай фитобөшкесі, «Гольфстрим» гидротерапиялық ваннасы, уқалау және физиотерапиялық емдеу әдістері қолданылады.
Орталықтың жұмысы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, аурудан кейінгі қалпына келуіне және сапалы оңалту қызметтеріне қолжетімділігін арттыруға бағытталған.









