ШҚО-да жалған нөмір таққан, көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші анықталды
Шығыс Қазақстан облысында полицейлер Chevrolet Cobalt маркалы автокөлікті тоқтатты. Рөлде бұған дейін жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған 29 жастағы ер адам болған.
Тексеру барысында автокөлікке жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері тағылғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізуші полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбаған, жол қозғалысына қауіп төндіріп, маневр жасау кезінде бұрылыс көрсеткішін қоспаған. Сондай-ақ көліктегі жолаушының қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды.
Жүргізушінің көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны үшін де әкімшілік хаттама толтырылды. Анықталған өзге де құқық бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, жалған нөмірлік белгілері тәркіленді. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңнамада жауапкершілік көзделген. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









