Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді. Адал қызметі, жоғары көрсеткіштері және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін СҚО полиция департаментінің қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды.
Олардың екеуіне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды. Екі қызметкерге кезекті арнаулы атақ мерзімінен бұрын берілсе, тағы үш қызметкердің атағы атқарып отырған лауазымынан бір саты жоғары көтерілді. Олардың қатарында Шал ақын ауданының полиция бөлімінің бастығы Ерлік Еслямбеков бар. Оған полиция полковнигінің погондары табыс етілді.
Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әділбек Жарасов «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Үш полицей «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Сондай-ақ қалалық көшелерді патрульдеуге қатысып, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға үлес қосып жүрген түрлі қызметтердің қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды.
Құқық қорғау жүйесін дамытуға және жас кадрларды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін ішкі істер органдарының ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Жас полицейлердің ата-аналары да назардан тыс қалмады. СҚО ПД бастығы Руслан Назаров оларға балаларын патриоттық рухта және жоғары адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелегені үшін алғыс хаттар табыс етті.
Полиция полковнигі Руслан Назаров марапаттау қызметкерлер мен ардагерлердің кәсібилігін, қызметтік борышына адалдығын, заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін мойындау екенін атап өтті.
Марапатталғандардың еңбегі биыл Мағжан Жұмабаев ауданында ашылған үш «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына үлгі болды. Бұл күні оқушылар облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, алғаш рет облыстық деңгейдегі полиция іс-шарасына қатысты.
Салтанатты кеш концертпен аяқталды. Онда СҚО ПД мәдениет орталығының вокалдық тобы мен Петропавлдың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Олар мерекені тұрғындардың тыныштығын күзетіп, қызметте қарсы алатын тәртіп сақшыларын құттықтады.








