1 / 3
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кентіне жұмыс сапарымен барып, «Шолаққорған-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты орталықтандырылған жылу қазандықтарының қазіргі жай-күйімен танысты.
Жұмыс сапары барысында жылу қазандықтарының қысқы маусымға дайындығын, отын қорының жеткіліктілігін және жылу желілерінің жағдайын бақылауға алды. Сала мамандары мен жауапты бөлім, мекеме басшыларына жылу маусымын сапалы әрі тұрақты өткізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, мазут отынының қажетті қорын қалыптастыру, оны уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету және жылу жүйелерінің үздіксіз жұмысын бақылауда ұстау тапсырылды.
Қазіргі таңда кенттегі жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Ішкі жылу желілерінің 3,4 шақырым құбыры ауыстырылды. Сонымен қатар, магистральдық жылу желілерінің 3,1 шақырым құбырының жылу оқшаулағышы жаңартылды.
Бұдан бөлек, жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында сорғылар, задвижкалар және вентильдер жаңартылды.
Кенттің коммуналдық инфрақұрылымын жақсарту бағытында кәріз желілеріне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1,7 шақырым кәріз құбыры ауыстырылды.
Жалпы, Қыземшек кентінде 5,1 шақырым жылу желісінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1,7 шақырым кәріз желісі жаңартылды.








