1 / 4
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстардың барысын талқылады.
Алдымен округ әкімі Данияр Досымбеков атқарылған жұмыстарды саралап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, ауыл шаруашылығы, құрылыс және абаттандыру бағыттарындағы негізгі нәтижелерге тоқталды.
Биыл Шу ауылдық округінде елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Иманов, Мұқанов, Сәтбаев, Наурыз, Серікбаев көшелеріне және Әйтеке би–Сәтбаев көшелері аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді.
Нәтижесінде ауылдың ішкі көшелерін асфальтпен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Округтегі көше жарықтандыру мәселесі де толық шешімін тауып, ішкі көшелердің барлығы 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды.
Ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында стрит-воркаут алаңының құрылысы жүргізілуде. Нысанды қазан айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға берілмек.
Әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Демеушілердің қолдауымен «Марал» бөбекжай-бақшасына балалардың денсаулығын нығайтуға арналған тұзды бөлме – галокамера орнатылды. Сондай-ақ ауылды көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу мақсатында ұңғымалы құдық қазылып, суару жүйесі тартылуда. Жүйені қазан айының соңына дейін толық іске қосу көзделген.
Аудан басшысы кездесуде атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, абаттандыруды жүйелі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталды.
Кездесу барысында тұрғындар ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшысына ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, елді мекеннің одан әрі дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты.
Жиын соңында бірқатар азамат жеке мәселелері бойынша жүгініп, әлеуметтік мәселеге қытысты өтініштерін жеткізді.
Аудан басшысы көтерілген мәселелердің әрқайсысын бақылауға алып, тиісті жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды жауапты басшыларға тапсырды.









