ЖУАНТӨБЕДЕ ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

    1 / 5
    Жуантөбе ауылында елді мекеннің ажарын айшықтап, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Әлеуметтік нысандардың қатары толығып, көшелер жөнделіп, қоғамдық орындар жаңарып келеді. Бұл өзгерістер ауыл тұрғындарының күнделікті өмірінен де көрініс табуда.
    Осы жұмыстардың барысымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдау мақсатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жуантөбе ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесті. Еркін форматтағы жиында ауылдың тыныс-тіршілігі, атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер ортаға салынды.
    Жүздесу барысында аудан басшысы биыл кең көлемде аталып өткен Жуантөбе ауылының 80 жылдық мерейтойына тоқталып, оны ұйымдастыруға және өткізуге үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Ауылдың мерейлі датасын атап өту барысында жұрттың бір мақсатқа жұмылып, ұйымшылдық танытқаны айтылды. Тұрғындар да алғыстарын жеткізіп, елді мекенге көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесін атап өтті.
    Жуантөбедегі биылғы маңызды жаңалықтың бірі — жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуі. Заманауи нысан ауыл жастарының спортпен айналысуына мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп отыр. Сонымен бірге Абылай хан көшесіне орташа жөндеу жүргізілді.
    Ауылдың қоғамдық кеңістіктерін жаңарту ісіне де ерекше мән берілуде. Демеушілер арқылы орталық саябақта қазақтың үш биі — Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биге арналған монумент бой көтерді.
    Ел тарихында өшпес із қалдырған азаматтарды ұлықтау мақсатында арнайы құрмет тақтасы да орнатылды. Онда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Батыр аналар, тыл еңбеккерлері және ауылдан шыққан еңбек ардагерлерінің есімдері жазылған. Тақта маңы абаттандырылып, жарықтандырылып, тұрғындардың серуендеп, тынығуына қолайлы орта қалыптастырылды.
    Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ой-пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі әр ұсыныстың назарға алынатынын айтып, елді мекеннің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жалғаса беретінін жеткізді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Созақ ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары