21 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Таяу Шығыс пен Орталық Азия бойынша Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) өңірлік вице-президенті Имад Фахуримен онлайн-кездесу өткізді.
1993 жылдан бері IFC Қазақстанның жеке секторындағы 115 жобаны қолдауға 2,9 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды.
Имад Фахури IFC-тің Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жоспарлары туралы айтты. 2026–2031 жылдары корпорация жалпы сомасы шамамен 3 млрд АҚШ долларын құрайтын жобаларды пысықтауды жоспарлап отыр. Бұл соманың шамамен 60%-ын жеке инвесторларды тарту есебінен, ал 40%-ын IFC-тің өз қаражаты есебінен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Мұндай тәсіл Қазақстан экономикасына жеке капитал тартуға және инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді.
Тараптар көлік инфрақұрылымы мен су секторындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жеке капитал тарту мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесудің жеке бағыты мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) дамыту мәселесіне арналды. Бұл тетік жеке инвестициялар тартуға ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылым нысандарын жобалау, салу және пайдалану сапасын олардың бүкіл өмірлік циклі бойында арттыруға мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – 16 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Дүниежүзілік банк тобы арасында Қазақстанның бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы (JERP) шеңберінде консультациялық қызметтер көрсету туралы келісімге қол қойылуы. Бұл жұмыс институционалдық және рәсімдік кедергілерді жоюға, басым секторларда МЖӘ-ні дамыту бағдарламаларын әзірлеуге және инвестициялық ұсыныстар қалыптастыруға бағытталған.
Тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға және жеке капитал тартуға, сондай-ақ Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға ықпал ететін перспективалы жобаларды ілгерілетуге мүдделі екенін растады.









