Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының Metals and Minerals Compact жаһандық бастамасына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. 2026–2030 жылдарға арналған елдік стратегия тау-кен металлургия кешенін реттеуді жетілдіруді, геологиялық барлау жұмыстарын дамытуды және минералдық шикізатты өндіру мен өңдеуге инвестициялар тартуды көздейді.
Қазақстанның бастамаға қосылу рәсімі 16 қазанда Таиландта өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесулері аясында өтті. Қазақстан тарапынан рәсімге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев қатысты.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі Дүниежүзілік банк тобымен бірлесіп, металдар мен минералдар жөніндегі елдік стратегияны (Compact) әзірледі. Құжат 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайды және Дүниежүзілік банк тобының қаржылық, талдамалық және техникалық қолдау құралдарын біріктіреді.
Compact Қазақстанның стратегиялық құжаттарына, оның ішінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына, 2023–2027 жылдарға арналған геология саласын дамыту тұжырымдамасына және 2024–2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға негізделген.
Негізгі бағдарлардың бірі - 2031 жылға дейін шамамен 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға жәрдемдесу. Қаражатты минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, өндіру және өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және қажетті инфрақұрылым құруға бағыттау көзделіп отыр.
Compact ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын қамтиды.
Бірінші бағыт - тау-кен металлургия кешеніндегі мемлекеттік саясат пен реттеу тетіктерін жетілдіру. Бұл ашық әрі болжамды орта қалыптастыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарды енгізуге қажетті жағдай жасайды.
Екінші бағыт - геологиялық барлау жұмыстарын, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту. Басым бағыттар қатарында геологиялық деректерді цифрландыру, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамыту, металдарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау бар.
Үшінші бағыт - минералдық шикізатты өндіруге және терең өңдеуге жеке инвестициялар тарту. Бұл бағыт аясында Дүниежүзілік банк тобының қаржылық және кепілдік құралдарын пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды қолдау, қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарды дамыту және халықаралық инвесторларды тарту көзделеді.
Compact-ты іске асыру шикізатты терең өңдеуді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектердегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.









