Қазақстан АДБ-ның жыл сайынғы жиналысын өткізу орны ретінде қарастырылуда

    1 / 5

    2026 жылғы 9 қазан, Астана. Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев пен Азия даму банкінің (АДБ) өкілдері 2028 немесе 2029 жылы Банктің жыл сайынғы жиналысын Қазақстанда өткізу мүмкіндігін талқылады.

    АДБ делегациясының құрамына Банк хатшысы Бруно Карраско, Банк хатшысының кеңесшісі Дэвид Гарригос-Солива және АДБ-ның Қазақстандағы өкілдігінің директоры Утсав Кумар кірді.
    Әсет Ерғалиев Қазақстанның аталған жиналысты Астанада өткізуге мүдделі екенін және қазақстандық тараптың Банкпен бірлесіп ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтауға дайын екенін растады.
    АДБ қабылдаушы елді таңдау кезінде инфрақұрылымның жай-күйін, көлік қатынасының қолжетімділігін, қатысушыларды орналастыру мүмкіндіктерін және өңірлік ротация қағидатын ескереді. Жиналыстың өтетін орны туралы түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ.
    Астана бұған дейін де АДБ-ның жыл сайынғы жиналысын қабылдаған. 2014 жылы елордада Банктің 47-жыл сайынғы жиналысы өтіп, оған мүше мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан, қаржы секторы мен жеке сектордан 3 мыңнан астам қатысушы жиналды. Содан бері елорда айтарлықтай өзгерді: қалалық инфрақұрылым дамып, ірі халықаралық іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері кеңейді. Кездесу барысында АДБ өкілдері осы өзгерістерді атап өтті.
    АДБ-ның жыл сайынғы жиналысы – мемлекеттер мен халықаралық қаржы институттары арасындағы диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар қабылдаушы елді халықаралық қоғамдастыққа таныстыруға, оның инвестициялық әлеуеті мен мәдени мұрасын көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды іс-шара. Қазақстан үшін мұндай іс-шараны өткізу халықаралық байланыстарды нығайтуға және экономикалық дамудың басым бағыттарын таныстыруға қосымша мүмкіндік болмақ.
    Тараптар өткізілуі мүмкін жиналыстың мазмұндық бағдарламасына да ерекше назар аударды. Перспективалы бағыттардың қатарында цифрландыру және жасанды интеллект, су ресурстарын басқару және экономикалық дәліздерді дамыту мәселелері бар. Тақырыптарды Қазақстанның басымдықтарын өңірлік дамудың өзекті күн тәртібімен ұштастыра отырып, АДБ-мен бірлесіп қалыптастыру жоспарлануда.
    Миссия аясында Банк өкілдері іс-шараны өткізуге арналған ықтимал орындарды да қарап, елорданың инфрақұрылымдық және логистикалық мүмкіндіктерін бағалайды.
    Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Азия даму банкі аталған бастаманы одан әрі пысықтау бойынша өзара іс-қимылды жалғастырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі" жаңалықтары