СЖРА Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының «Теңгерімді экономикалық даму жолында» атты халықаралық экономикалық конференциясына қатысты

    1 / 3

    Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі төрағасының орынбасары Әділ Құсманов «Экономикалық өсім, демография және еңбек нарығы: нақты ахуал мен сын-қатерлер» атты панельдік сессияға қатысты.
    Пікірталасқа жетекші халықаралық және өңірлік сарапшылар да қатысты. Олардың қатарында Гувер институтының шақырылған көрнекті ғылыми қызметкері, Дүниежүзілік банк тобының даму экономикасы жөніндегі бұрынғы аға вице-президенті Индермит Гилл, «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінің ординарлық профессоры әрі Еңбек зерттеулері орталығының жетекші ғылыми қызметкері Владимир Гимпельсон, Халықаралық еңбек ұйымының макроэкономикалық саясат бөлімінің басшысы Эккехард Эрнст және Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Нұрлан Дарданов болды. Сессия барысында қатысушылар Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армениядағы еңбек нарықтарына арналған зерттеуінің нәтижелерін, сондай-ақ демографиялық үдерістердің экономикалық өсімге және жұмыспен қамтуға әсеріне байланысты негізгі үрдістер мен сын-қатерлерді талқылады.
    Өз сөзінде Әділ Құсманов Қазақстанның еңбек нарығындағы негізгі сын-қатерлерді атап өтіп, жұмыс орындарының сапасына, қызметкерлер біліктілігінің экономиканың қажеттіліктеріне сәйкестігіне және экономикалық саясатты қалыптастыру кезінде ұзақ мерзімді демографиялық және технологиялық өзгерістерді ескеру қажеттігіне ерекше назар аударды.
    БҰҰ-ның демографиялық болжамдарына сәйкес, Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы халық саны ұзақ мерзімді перспективада өсе береді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні енгізу еңбек қызметінің мазмұнын түрлендіріп, жекелеген мамандықтарға сұранысты өзгертеді және қызметкерлердің құзыреттеріне қойылатын талаптарды арттырады. Мұндай жағдайда адами капиталды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және кадрлар даярлау жүйесін экономиканың өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне бейімдеу айрықша маңызға ие болады.
    Ең төменгі жалақыны арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шара шамамен 1,8 млн азаматтың, оның ішінде бюджет саласының 370 мыңнан астам қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Қызметкерлердің табысын тікелей арттырумен қатар, ең төменгі жалақының ұлғаюы экономикадағы еңбекақының жалпы деңгейіне, соның ішінде жеке сектордағы жалақыны қайта қарау арқылы да ықпал етуі мүмкін.
    Конференция қорытындысында тараптар еңбек нарығы мен демография мәселелері бойынша одан әрі ынтымақтастыққа мүдделі екенін білдірді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі" жаңалықтары