
6 қазанда Астанада «Ұлттық статистикалық жүйелерді дамыту: халықаралық стандарттар және технологиялық сын-қатерлер» атты панельдік сессия өтті. Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері заманауи ұлттық деректер экожүйесін дамыту, халықаралық стандарттар, сондай-ақ ресми статистикада жаңа дереккөздер мен технологияларды практикалық қолдану мәселелерін талқылады.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов құттықтау сөз сөйледі. Ол сапалы әрі уақтылы деректер мемлекеттік басқарудың негізгі ресурстарының біріне айналып келе жатқанын, ал статистиканың басты міндеті ақпарат өндірумен ғана шектелмей, оның мемлекет, бизнес және қоғам үшін практикалық құндылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Өз сөзінде Олжас Төлеуов статистикалық жүйені одан әрі трансформациялаудың үш басым бағытын атап өтті: деректер сапасын және статистикаға деген сенімді арттыру, қолда бар ақпаратты тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа технологиялар мен дереккөздерді енгізу.
Сессияның негізгі тақырыптарының бірі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізген шолуының нәтижелері болды. ЭЫДҰ-ның бас статистигі және Статистика және деректер директоратының директоры Стив МакФили жүргізілген бағалаудың негізгі қорытындыларын таныстырып, Қазақстанның статистикалық жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсынымдарын ұсынды.
СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев статистикалық өндірісті дамытудың практикалық бағыттары және жаңа дереккөздерді пайдалану туралы баяндады.
Халықаралық тәжірибені Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің елдік директоры Утсав Кумар, Корея Республикасы Деректер және статистика министрлігі Статистика қызметі бюросының бас директоры Янг Чжэ Ву және Positium компаниясының бас атқарушы директоры (CEO) Гертту Пилсас таныстырды.
Панельдік сессия мемлекеттік органдар, халықаралық әріптестер мен сарапшылар арасында кәсіби пікір алмасу алаңына айналып, халықаралық тәсілдерді Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесін одан әрі трансформациялау басымдықтарымен салыстыруға мүмкіндік берді.









