Қазақстан мен Германия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, ғылым жетістіктері мен озық тәжірибені өндіріске енгізуге ниетті. Екі елдің алдағы кезеңдегі бірлескен жұмысының негізгі бағыттары Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогының отырысында талқыланды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин, Германия Федеративтік Республикасының Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік федералдық министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Мартина Энгльхардт-Копф, Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайке Ренате Пайч, екі елдің аграрлық сала ғалымдары, Германия фермерлер одағының өкілдері мен аграрлық бизнес өкілдері қатысты.
Таласбек Қанафин 2009 жылдан бері жалғасып келе жатқан Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогы екі елдің тәжірибе алмасуына, ауыл шаруашылығы саясатының өзекті мәселелерін талқылауына және саланы дамытуға қатысты ортақ шешімдер іздеуіне мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті.
«2026 жылғы қыркүйекте аграрлық-саяси диалогтың алтыншы кезеңі басталды. Бұл кезең өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге және Орталық Азия елдерінің аграрлық саясат саласындағы сарапшыларымен байланысты нығайтуға бағытталған. Жаңа кезең екіжақты ынтымақтастықты тереңдетіп, тәжірибе алмасуды нақты жобалармен ұштастыруға жол ашады. Мемлекеттік органдардың, ғылым мен бизнестің бірлескен жұмысы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына тың серпін береді деп сенемін», — деді вице-министр.
Тараптар аграрлық саясатты жетілдіру, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жақсарту, өнімді терең өңдеу, заманауи әрі су мен энергияны үнемдейтін технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру және ғылыми-білім беру байланыстарын нығайту мәселелеріне басымдық бермек.
Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту және шаруалардың заманауи технологияларды игеруіне жағдай жасау маңызды. Осы бағыттарда Германияның тұрақты және органикалық егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту тәжірибесі пайдалы болмақ.
«Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қоса алады. Екі елдің ғалымдары мен бизнес өкілдері білім және тәжірибе алмасып, селекция мен тұқым шаруашылығынан бастап табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және заманауи технологияларды енгізуге дейінгі мәселелерді бірлесе шеше алады. Диалог аясында бірлесіп жұмыс істеудің нақты бағыттары белгіленді. Алдағы уақытта бұл байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік мол», — деді Мартина Энгльхардт-Копф.
Жиында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жолдары қарастырылып, бірлесіп жүзеге асыруға болатын жобалар талқыланды. Қатысушылар мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелердің, салалық бірлестіктер мен жеке кәсіпорындардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар сарапшылар арасындағы тәжірибе алмасуды жалғастыруға, басым бағыттар бойынша бірлескен жобаларды пысықтауға және диалогтың алтыншы кезеңінде көзделген шараларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогының жалғасуы екі елдің байланысын нығайтып, озық агротехнологияларды кеңінен қолдануға және Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, екі елдің агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамытуға ықпал етпек.









