ҚЫЗЕМШЕКТЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН АБАТТАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

    1 / 3
    Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кентінің тұрғындарымен кездесіп, кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы даму бағыттары жөнінде кеңінен пікір алмасты.
    Кездесу барысында аудан басшысы ауданда жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталып, олардың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
    Жиында Қыземшек кентінің әкімі Марс Әбіл атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, алдағы кезеңге жоспарланған міндеттермен бөлісті. Тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар берілді.
    Биыл Қыземшек кентінде 370 метр, Тайқоңыр елді мекенінде 2,8 шақырым жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жылу маусымына дайындық аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, көшелердегі 3,4 шақырым жылу құбыры, 3,1 шақырым магистральдық құбыр және 1,7 шақырым кәріз құбыры ауыстырылды. Жүргізілген жұмыстар жылу жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және алдағы жылыту маусымын сапалы өткізуге мүмкіндік береді.
    Тайқоңыр елді мекенінде санитарлық-экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстар да атқарылуда. Атап айтқанда, мал өлекселерін залалсыздандыруға арналған Беккери шұңқырының құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, «Волковгеология» АҚ-ның «Оңтүстік ВГ» филиалы, «Инкай» БК» ЖШС және «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» БК» ЖШС демеушілігімен аумағы 3 гектарды құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының қоршау жұмыстары жүргізіліп, қазу жұмыстары аяқталды.
    Кездесу соңында аудан әкімі азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың жеке мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген әрбір мәселенің шешу жолдары жауапты сала мамандарымен бірлесіп қаралып, тиісті жұмыстарды жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Созақ ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары