Петропавлда тіл саясатының өзекті мәселелері талқыланды

    1 / 3

    Петропавл қаласында «Тіл – бірлік пен үйлесім негізі: жаңа дәуірдегі тіл саясаты» тақырыбында республикалық семинар өтті. Семинардың мақсаты – мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарын айқындау, қазақ тілінің ғылым мен білімдегі, цифрлық технологиялар мен жаңа медиа кеңістігіндегі қолданысын кеңейту және өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды дамыту.

    Семинарға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері, өңірлердегі тілдерді дамыту саласының мамандары, ғалымдар, оқытушылар және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

    «Digital Urpaq» оқушылар сарайында ұйымдастырылған семинардың ресми бөлімінде «Қазақ тілі және цифрлық дәуір: ұлттық құндылықтар – рухани серпіліс» атты панорамалық көрме ұсынылды. Негізгі бөлімде TED форматындағы «Ойталқы» алаңы өтіп, ғылым тілі, жасанды интеллект, тіл мәдениеті және қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі рөлі жөнінде пікір алмасты.

    М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ж.С. Таласпаева ғылым тілінің ұлттық инновациялармен байланысына тоқталды. Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Е.Б. Абсалямов қазақ тілі мен жасанды интеллекттің өзара байланысы туралы ой бөлісті.

    «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ менеджері Л.Л. Топузов қазақ тілін мүмкіндік ретінде қабылдаудың маңызын атап өтті. «Qyzyljar» телеарнасының қазақтілді шеф-редакторы А. Жолмұқанова жаңа медиадағы тіл тазалығы мен сөз мәдениеті мәселелерін көтерді. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы А.Қ. Дауткулова қазақша Уикипедияны дамыту тәжірибесімен бөлісті.

    Семинардың екінші бөлімінде «Тіл саясатының өзекті мәселелері» тақырыбында тәжірибе алмасу ұйымдастырылып, сала мамандарына «Уикипедияға мақала орналастыру алгоритмдері» бойынша оқыту жүргізілді.

    Семинар қорытындысында тіл саясаты саласының мамандары мен бейінді ұйымдардың өкілдері марапатталды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті" жаңалықтары