Астанада «Dostyq Run 2026» халықаралық жүгіру жарысы өтті

    1 / 5

    Астанада Қазақстан мен Польша халықтарының достығын нығайтуға бағытталған «Dostyq Run 2026» халықаралық жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Польша Республикасының елшілігі мен Астана қаласының триатлон федерациясы бірлесіп өткізген спорттық іс-шарада қатысушылар 2,5, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

    Астана қаласы триатлон федерациясының бас хатшысы Жанат Қожахметовтің айтуынша, биыл жарыс бағдарламасы кеңейтіліп, қатысушылар үшін 10 шақырымдық жаңа қашықтық енгізілді. Сонымен қатар спорт сүйер қауымға онлайн қатысу мүмкіндігі ұсынылды.

    «Польша Республикасының елшілігімен бірлесіп «Dostyq Run» жарысын өткіздік. Бұған дейінгі негізгі қашықтықтар 2,5 және 5 шақырым болса, биыл 10 шақырымды да қостық. Онлайн қатысу мүмкіндігін де қарастырдық. Басты мақсатымыз – халықтар достығына арналған жүгіруге мүмкіндігінше көп адамды тарту. Бұл тек спорттық жарыс емес, адамдарды ортақ идея төңірегіне біріктіретін бастама», – деді Жанат Қожахметов.

    Жарысқа қатысушылар үшін арнайы сыйлықтар әзірленді. Польша елшілігі сыйлық жиынтықтарын ұсынса, 10 шақырымдық қашықтықта ерлер мен әйелдер арасында абсолютті есепте үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға арнайы жүлделер табысталды.
    Польша елшілігінің өкілі Михал Лабенда спорттық бастаманың басты мақсаты екі ел азаматтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту екенін атап өтті.

    «Dostyq Run» жарысын өткізу идеясы біздің тарапымыздан ұсынылды. Біз адамдардың өзара ынтымақтастықта болғанын қалаймыз. Достық үшін бірге жүгіріп, белгіленген қашықтықты еңсеру – негізгі мақсатымыз. Жүгіру адамдарды біріктіреді. Осы бастама арқылы қазақстандықтар мен поляктар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтқымыз келеді», – деді Михал Лабенда.

    Халықаралық жарысқа елорда тұрғындары да белсенді қатысты. Солардың бірі – Нұртас пен Жадыра Әлімбаевтар. Ерлі-зайыптылар 2,5 шақырымдық қашықтықты еңсерді.

    «Бұл жолы 2,5 шақырымға жүгірдік. Ұлымыз да марафондар мен жүгіру жарыстарына тұрақты қатысады. Өзім студент кезімде Польшада білім алғанмын. Сондықтан бұл іс-шараның мен үшін ерекше мәні бар. Мұндай жарыстар спортпен айналысуға ғана емес, екі ел арасындағы достықты нығайтуға да мүмкіндік береді», – деді қатысушылар.

    «Dostyq Run 2026» халықаралық жарысы салауатты өмір салтын насихаттап, Қазақстан мен Польша азаматтары арасындағы достық байланыстарды дамытуға бағытталды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары