Астананың Ботаникалық бағында сүт безі қатерлі ісігімен күресіп жүрген әйелдерді қолдауға арналған «Pink Run Astana» қайырымдылық жүгірісі ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – әйелдер денсаулығына қоғам назарын аудару, онкологиялық ауруларды ерте анықтаудың маңызын түсіндіру және науқастарға қолдау көрсету, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қайырымдылық жүгірісіне қатысушылар спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мен ерте диагностиканың маңыздылығына назар аударды.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, Қазақстан онкологтары қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Диляра Қайдарованың айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі Қазақстандағы өзекті медициналық мәселелердің бірі болып отыр.
Маман келтірген мәліметке сәйкес, бұл ауру елімізде онкологиялық аурушаңдық құрылымында бірінші орында тұр. 2025 жылы Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігінің 5 500-ден астам жаңа жағдайы анықталған.
«Бүгінгі жүгіру осы аурумен күресіп жүрген әйелдерді қолдауға, сондай-ақ дерттен айыққан жандарға дем беруге бағытталған. Ең алдымен, аурудың алдын алу және оны ерте анықтау жолдары туралы көбірек айтуымыз керек», – деді Диляра Қайдарова.
Оның сөзінше, Қазақстанда 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған тегін скринингтен өте алады. Ол үшін тіркелген емханаға жүгініп, белгіленген тәртіппен маммографиялық тексеруден өту қажет. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда қосымша зерттеулер тағайындалуы мүмкін.
Диляра Қайдарова профилактикалық тексерулерді уақтылы өту ауруды ерте кезеңде анықтауға және емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Әр адам денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Осындай ауқымды акция ұйымдастырғандарға алғыс айтамын. Егер бүгінгі іс-шара арқылы ең болмағанда бір адамның өмірін сақтап қалуға үлес қоссақ, бұл күнді бекер өткізбегеніміз», – деді ол.
«Pink Run Astana» қайырымдылық жүгірісі онкологиялық аурулармен күресіп жүрген азаматтарға қолдау көрсетуге және тұрғындарды денсаулығын уақтылы тексертіп тұруға шақыруға бағытталды.









