2026 жылғы 14 қазанда Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының бастамасымен Көкшетау қаласында «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Тіл саясатын іске асыру және тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Қайыржан Рақымжанов пен аталған комитеттің бас сарапшысы Мақсат Несіпбаев, сондай-ақ Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Ақмарал Дауткулова қатысты.
Семинардың мақсаты – қазақ тіліндегі контент көлемін арттыру, Уикипедияға мақала әзірлеу және орналастыру дағдыларын қалыптастыру, цифрлық кеңістікте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Оқыту семинары аясында түрлі салада қызмет атқаратын 50-ден астам маман Уикипедияға мақала әзірлеу, ақпаратты дұрыс рәсімдеу және оны энциклопедияға орналастырудың негізгі алгоритмдерімен танысты.
Қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту – мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі қолданыс аясын кеңейтудің маңызды қадамы!








