ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУДЫ ОНЛАЙН РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ

    ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУДЫ ОНЛАЙН РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен (ЖОМС) қамтуды кеңейту және жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.

    Осы бағыттағы жұмыстар аясында Мемлекеттік аннуитеттік компания өз сайтында жұмыс берушілерге кеңсеге бармай-ақ, менеджердің көмегіне жүгінбей, ЖОМС шартын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа онлайн-сервисті іске қосты.

    Енді шартты рәсімдеудің барлық кезеңін онлайн режимде жүзеге асыруға болады: тіркелу, қажетті мәліметтерді енгізу, сақтандыру құнын есептеу, шартты қалыптастыру және оған қол қою. Құжаттар мен анықтамалар белгіленген талаптарға сәйкес тікелей портал арқылы жүктеледі.

    Мәліметтердің белгілі бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде алынады. Қалған ақпаратты жұмыс беруші өзі енгізеді. Шартқа қол қойылғанға дейін енгізілген мәліметтерді тексеріп, қажет болған жағдайда түзетуге мүмкіндік қарастырылған.

    Шарт жасасу үшін заңды тұлғаның жарамды электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Негізгі рәсімдердің барлығы бір сайтта жүзеге асырылады, бұл ретте басқа сервистерге өтіп қажет емес.

    «Онлайн-сервистің іске қосылуы, ең алдымен, жұмыс берушілер үшін сақтандыру рәсімін барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге бағытталған. Рәсімді цифрлық форматта өз бетінше жүзеге асыру уақытты үнемдеуге және кеңсеге бармай-ақ қажетті қызметті алуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекеттік аннуитеттік компанияның басқарма төрағасы Олжас Ашкеев.

    Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру – қызметкерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерінің бірі. Заңнамада көзделген жағдайларда сақтандыру төлемдері еңбекке қабілеттіліктен айырылуға байланысты келтірілген зиянды өтеуді, сондай-ақ емделуге, медициналық және кәсіптік оңалтуға арналған заңда белгіленген шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді.

    Осыған байланысты қызметкерлерді сақтандыру Министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен шамамен 3,5 млн қызметкер қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 млн 130 мың адамға артық.

    2026 жылдың соңына дейін ЖОМС шарттарын жасасқан жұмыс берушілердің санын 130 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Цифрлық сервистің іске қосылуы жұмыс берушілерге қызметін жүзеге асыратын өңіріне қарамастан, сақтандыру шарттарын рәсімдеуге қосымша мүмкіндік береді.

    Министрлік өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытындағы жұмысты да жалғастыруда. Осы мақсатта кәсіпорындардың қызметін бақылауға арналған цифрлық құралдар қолданылып, жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау жүйесі жетілдірілуде.

    Осылайша, ЖОМС рәсімдеу үдерістерін цифрландыру жұмыс берушілер үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталса, өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өндірістік жарақат алу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары