
Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі, улы газдан сақтану және балалардың терезеден құлауын болдырмау шаралары түсіндірілді.
Сарыағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан жатақханаларда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында мамандар тұрғындарға жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ улы газдан уланудың алдын алу, жылыту пештері мен газ жабдықтарын дұрыс пайдалану, олардың техникалық жарамдылығын тұрақты бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу бойынша қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату және терезе маңына балалардың оңай көтеріліп кететін жиһаздарды қоймау жөнінде ескертілді.
Тұрғындарға төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет ету және «112» бірыңғай байланыс нөміріне хабарласу тәртібі түсіндірілді.
Жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтау – өрттің, улы газдан уланудың және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алудың маңызды кепілі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.








