«Адамдардың алғысы күш береді»: Астанада жол жұмысшысы 14 жылдан бері қала тазалығын сақтауға үлес қосып келеді

    «Адамдардың алғысы күш береді»: Астанада жол жұмысшысы 14 жылдан бері қала тазалығын сақтауға үлес қосып келеді

    Елорда көшелерінің күн сайын таза әрі жинақы болуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі көзге бірден көріне бермейді. Олар таңмен таласа жұмысқа шығып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан өздеріне бекітілген аумақтың тазалығына жауап береді. Солардың бірі – Марал Күлпейісова. Ол 2012 жылдан бері «Астана Тазалық» ЖШС-ның Сарайшық ауданы санитарлық тазалау учаскесінде жол жұмысшысы болып еңбек етіп келеді. 14 жыл ішінде жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және өз ісіне адалдығымен әріптестерінің құрметіне бөленген. Еңбек күніне орай Марал Күлпейісова еңбек жолы, мамандығының ерекшелігі, күнделікті жұмысы, кездесетін қиындықтары және еңбек адамының қоғамдағы орны туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

    Жол жұмысшысы бұл салаға қалай келгенін айтып, еңбек жолын еске алды. Оның сөзінше, «Астана Тазалық» мекемесіне дейін «Астана Зеленстрой» ұйымында жұмыс істеген.

    «Мен бұл жұмысқа келгенге дейін «Астана Зеленстрой» мекемесінде еңбек еттім. Кейін «Астана Тазалыққа» жұмысқа орналастым. Осында тұрақтап, көп жыл еңбек етуді мақсат еттім», – дейді Марал Күлпейісова.

    14 жыл бойы бір салада еңбек ету үшін адамға ең алдымен шыдамдылық пен ерік-жігер қажет екенін айтады. Оның пікірінше, қандай жағдай болмасын сабыр сақтап, адамгершілікті жоғалтпау маңызды.

    Марал Күлпейісованың айтуынша, оның жұмыс күні таңғы сағат 6-да басталады. Жұмысына үйінен жаяу келеді.
    «Таңғы сағат 6-ға қарай жұмысқа шығамын. Үйден жаяу келемін, жолға шамамен 45-50 минут кетеді. Жұмысқа келген соң журналға қол қоямыз. Бізде «Клокстер» деген қосымша бар, соны іске қосамыз. Аға шебер тапсырма береді. Әр жұмысшыға белгілі бір көше бекітіледі. Сол аумаққа жауап береміз. Алдымен қоқысты жинап, кейін көшені сыпырамыз», – дейді жол жұмысшысы.

    Бұл жұмыстың өзіндік қиындықтары да бар. Әсіресе ауа райының қолайсыздығы тазалық қызметкерлерінің жұмысына әсер етеді. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы мен жаңбырлы күндері көшеде еңбек ету оңай емес.

    «Әрине, қиындық болады. Әсіресе қыста қатты аязда, жазда аптап ыстықта немесе жаңбырлы күндері жұмыс істеу оңай емес. Бірақ жұмыс болған соң бәріне төтеп береміз. Көшелер таза болуы керек», – дейді ол.
    Күн сайын көшелерді тазалап жүріп, тұрғындардың алғысын естіп тұратын кездері де болады екен. Марал Күлпейісова үшін қарапайым ғана алғыстың өзі үлкен мағынаға ие. Себебі еңбектің бағалануы оған қосымша күш береді.
    «Иә, тұрғындар алғыс айтып жатады. Бұл біз үшін өте жақсы. Еңбегімізді бағалаған кезде қуанамыз. Адамдардың ризашылығы бізге күш береді», – дейді Марал Күлпейісова.

    Ол жастарға да қарапайым жұмысшы мамандығынан ұялмауға шақырады.
    «Қарапайым жұмысшы болудан намыстанбау, ұялмау керек. Өйткені біз де қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып жатырмыз. Әр еңбектің өз орны бар. Өзім бұл жұмыста жүріп мықты әрі төзімді болуды үйрендім. Қандай қиындық болса да, мойымай еңбек ету керек», – дейді ол.

    Марал Күлпейісованың жұмыстан тыс өмірі де отбасы мен жақындарына байланысты. Оның балалары мен сегіз немересі бар.
    «Менің балаларым бар, сегіз немерем бар. Екі үлкен балам алыста тұрады, өз отбасылары бар. Кіші ұлым екеуміз жатақханада бір бөлме жалдап тұрамыз. Күйеуім 2012 жылы қайтыс болды», – деп сөзін түйіндеді Марал Күлпейісова.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары