Дауыс берушілердің қарасы қалың, отбасымен келгендер де, танымал тұлғалар да бар: Астанада сайлау қалай өтіп жатыр

    1 / 10

    Астанада мәслихат депутаттарын сайлау барысы жүріп жатыр. Таңертеңнен бері сайлау учаскелеріне түрлі жастағы қала тұрғындары келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Елордада 446 сайлау учаскесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Сайлаушылар тізіміне 1 031 724 адам енгізілген, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Дауыс бергендердің қатарында Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның халық әртісі Айтқали Жайымов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов және әнші Дос Абсадық бар.

    Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Жазушылар одағының елордалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, ақын Мақпал Мыса және ақын-айтыскер, филолог Серікзат Дүйсенғазы да арнайы келіп, өз таңдауын жасады.
    Дауыс берушілер арасында бүгін өмірінде алғаш рет сайлауға қатысқан 18 жастағы астаналықтар да бар. Олар алғаш рет бюллетеньдер алып, мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс берді.

    Сайлау учаскелеріне аға буын өкілдері де келіп жатыр. Қазірдің өзінде 88, 90 және 91 жастағы елорда тұрғындары дауыс берді. Қарт сайлаушылардың көбі учаскелерге балалары мен немерелерін ертіп келген.

    Мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын азаматтарға да дауыс беруге қолайлы жағдай жасалған. Сайлау учаскелерінде пандустар, тактильді көрсеткіштер және дауыс беру құпиясын сақтауға арналған арнайы кабиналар орнатылған.

    Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін арнайы трафареттер мен ымдау тілі мамандарының қызметі де қарастырылған.
    Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын тұрғындар үйінде отырып, дауыс бере алады. Ол үшін сайлау комиссиясының мүшелері өтініш бойынша тасымалданатын дауыс беру жәшіктерімен олардың үйлеріне барады.

    Айта кетейік, бүгін, 29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары