Астанада паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт өкілдері мәслихат депутаттарын сайлауға қатысып, дауыс берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дауыс бергендердің қатарында сурдодзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушылары Болат Данияров пен Дәурен Оразұлы, пара оқ атудан жаттықтырушы Михаил Бурчалин, сондай-ақ параби, сурдофутбол және сурдотаэквондодан жаттықтырушылар бар.
Сайлау учаскесіне пара оқ атудан әлем кубогының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері, елордалық спортшы Ардақ Оторбаев та келді.
«Бұл мен қатысып отырған алғашқы сайлау емес. Әр сайлау – еліміздің болашағына қатысты азаматтық ұстанымымды білдіруге берілген маңызды мүмкіндік. Бүгінде қазақстандықтардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқаны қуантады. Бұл азаматтардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын, қоғамдағы өзгерістер мен жаңаруға өз үлесін қосуға ұмтылатынын көрсетеді», – деді Ардақ Оторбаев.
Дауыс беруге Қазақстанның парадзюдодан ұлттық құрамасының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Аслан Нұрдәулетов те қатысты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында осы сәттен түсірілген бейнеролик жариялады.
«Бүгін мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс беру үшін келдім», – деп атап өтті Аслан Нұрдәулетов.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









