
Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері Медеу және Бостандық аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінің ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырды. Жиындар барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау шаралары және киберқылмыстың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Шараға қатысқан Алматы қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілі ата-аналарға маңызды ескерту жасады. Бүгінде алаяқтар кәмелетке толмағандардың атына несие рәсімдеу немесе балаларды шетелдік платформалар арқылы қауіпті әрекеттерге итермелеу жағдайлары жиілегені атап өтілді. Ата-аналарға балалардың телефон нөмірлері мен құжаттарының қауіпсіздігін қатаң бақылап, әлеуметтік желілердегі (TikTok және т.б.) белсенділігіне мұқият болу ескертілді.
Есірткіге қарсы күрес басқарамасының өкілі жасөспірімдерді есірткі дертіне тап болмауының алдын-алу шаралары туралы есертулер жасады.
Еңбек мобильділігі орталығының маманы балалардың неше жастан бастап еңбек етуге құқығы бар екенін, сондай-ақ оларды жұмысқа тарту кезінде қатаң сақталатын ережелер мен құқықтарды түсіндірді.
Сонымен қатар «Отбасы банкінің» өкілдері баланың жарқын болашағы үшін қазірден бастап депозиттер ашу және оларды баспаналы ету мәселелерін кеңінен сөз етті. Кездесулер кезінде балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір қиын жағдайлар туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігі және қандай әрекеттер жасау қажеттігі түсіндіріліп, ақпараттық парақшалар таратылды.









