
Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында өткен қазақ күресінен «Жетісу Барысы – 2026» облыстық турнирі өз мәресіне жетті. Дода қорытындысы бойынша Жетісу облысының атынан республикалық «Қазақстан Барысы» турниріне қатысатын балуан анықталды.
Жарыс жеңімпазы атанып, «Жетісу Барысы – 2026» құрметті атағын Жетісу облысы полициясының қызметкері Нияз Ерсайын иеленді. Ол жоғары спорттық шеберлігін, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, барлық белдесулерде қарсыластарынан басым түсіп, үздік атанды.
Жеңімпазға чемпиондық белбеу, диплом және сертификат табысталды.
Полиция қызметкерінің бұл жетістігі – тәртіп сақшыларының жоғары кәсіби және дене даярлығының, табандылығы мен мақсаткерлігінің айқын көрінісі. Енді Нияз Ерсайын Жетісу облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғап, елдің үздік балуаны атағы үшін бақ сынайды.









