Хельсинкидегі Қазақстан киносы: тарих, мәдениет және даланың рухы үлкен экранда

    1 / 3

    Хельсинки, 2026 жылғы 27 қараша -Финляндиядағы Қазақстанның Елшілігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын мерекелеу аясында қазақстандық кино фестивалін өткізді. Іс-шараға Финляндияның мемлекеттік және қоғамдық органдарының, дипломатиялық корпус өкілдерінің, мәдениет қайраткерлерінің, қазақ диаспорасы мен қалың жұртшылықтың қатарынан 300-ге жуық қонақ қатысты.

    Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі А. Әбдіраимов кинематографияның халықтарды бір-бірінің тарихымен, мәдениетімен және рухани құндылықтарымен таныстыратын әмбебап тіл ретіндегі айрықша рөлін атап өтті. Ол тәуелсіздіктің 35 жылы ішінде Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық болмысын сақтай отырып, дамудың елеулі жолынан өткенін айтты. Қазақ дипломатының айтуынша, мұндай мәдени бастамалар Қазақстан мен Финляндия арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға және гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етеді.

    Фестиваль бағдарламасы аясында көрермендерге еліміздің тарихы мен мәдениетінің әртүрлі кезеңдерін бейнелейтін үш қазақстандық кинотуынды ұсынылды.

    Фестивальдің шымылдығын көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Әміре» көркем фильмі ашты. Оның қайталанбас дарыны шетелдік көрерменді қазақ музыкалық өнерінің бай мұрасымен таныстырған болатын.Бағдарламаның жалғасы ретінде Қазақстанның тарихи мұрасын, халқының ерлігін, рухының беріктігі мен азаттыққа деген ұмтылысын бейнелейтін «Ұлы дала таңы» және «Жаужүрек мың бала» фильмдері көрсетілді.

    Іс-шараның ерекше атмосферасын қазақтың ұлттық тағамдарының таныстырылымы толықтырды. Қонақтар дәстүрлі тағамдардан дәм татып, қазақ халқының қонақжайлық мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

    Фестиваль фин жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылар ұсынылған кинотуындылардың мазмұндылығын, кино өнері арқылы Қазақстан тарихымен танысу мүмкіндігін және іс-шараның жылы атмосферасын жоғары бағалады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары