Astana IT University-де жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие беруге бағытталған «Jas Power» жобасының бір жылдық жұмысы қорытындыланды. Жиында Қазақстан жастарының азаматтық бірегейлігі туралы талдамалық баяндама ұсынылды.
Кездесуге республикалық жастар ұйымдары мен оқу орындарының өкілдері, сарапшылар мен студенттер қатысты.
«Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық студенттер қозғалысының өкілдері баяндамаға негіз болған әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелерін бөлісті. Зерттеуде жастардың азаматтық бірегейлігі, олардың қоғамдық институттарға деген сенімі мен мемлекеттік рәміздерге көзқарасы қарастырылған.
Биыл «Jas Power» жобасы еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласын қамтыды. «Q-Idea» байқауының жеңімпаздары осы бастама аясында жүзеге асырған әлеуметтік жобаларын көпшілікке таныстырды.
Жиын соңында қатысушылар атқарылған жұмыстың нәтижесін талқылап, жобаны одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








