EcoBioLab Digital: табиғатты зерттеудің цифрлық жолы

    1 / 3

    Табиғатты бақылау, тәжірибе жүргізу және алынған нәтижелерді талдау – оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытудың тиімді жолы. Цифрлық технологияларды пайдалану бұл үдерісті жүйелі ұйымдастырып, білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

    Осы бағытта Астрахан ауданы Жалтыр ауылындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінің химия және биология пәндерінің мұғалімі Абдижанова Динара Мырзабекқызы EcoBioLab Digital жобасын әзірледі. Жоба судың қасиеттері мен ащы бұрыш тұқымының өнуі және өсуі арасындағы байланысты зерттеуге бағытталған.

    Білім басқармасының баспасөз қызметі мұғаліммен онлайн форматта сұхбаттасып, жобаның ерекшеліктері, зерттеу нәтижелері және оның білім беру үдерісіндегі маңызы туралы әңгімелесті.

    – Динара Мырзабекқызы, EcoBioLab Digital жобасын әзірлеуге не түрткі болды?

    – Зерттеу қарапайым сұрақтан басталды: судың түрі өзгерсе, өсімдіктің өсуіне әсер ете ме? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында құбыр, сүзілген және бөтелкедегі судың ащы бұрыш тұқымының өнуі мен өсуіне әсерін салыстыруды жөн көрдім.

    Жобаның басты ерекшелігі – оны мектеп жағдайында қымбат зертханалық жабдықтарсыз жүзеге асыруға болады. Тәжірибе барысында химия мен биология пәндері өзара байланыстырылып, оқушылардың математикалық және цифрлық сауаттылығын дамытуға мүмкіндік жасалады.

    – Зерттеу қалай жүргізілді және қандай нәтижелер алынды?

    – Зерттеу 2026 жылғы 16 мамыр мен 14 қазан аралығында жүргізілді. Ащы бұрыштың 30 тұқымы үш топқа бөлініп, әрқайсысы әртүрлі сумен ылғалдандырылды. Тұқымдардың өнуі, өскіндердің дамуы және ұзындығы тұрақты бақылауға алынды.

    Нәтижесінде құбыр суы тобындағы тұқымдардың 70 пайызы, сүзілген су тобында 90 пайызы, бөтелкедегі су тобында 80 пайызы өнді. Соңғы өлшеуде сүзілген су тобындағы өскіннің ұзындығы 24 сантиметрге жетті. Құбыр суы тобында бұл көрсеткіш 21 сантиметр, ал бөтелкедегі су тобында 20 сантиметр болды.

    Осы тәжірибе жағдайында сүзілген су қолданылған топ жоғары нәтиже көрсетті. Дегенмен бұл айырмашылықты тек судың pH көрсеткішімен байланыстыруға болмайды, сондықтан зерттеуді әрі қарай жалғастыру қажет.

    – Жобада цифрлық технологиялар қалай қолданылды?

    – Тәжірибе барысында алынған мәліметтерді жүйелеу және салыстыру қажеттілігінен EcoBioLab Digital цифрлық журналын әзірлеу идеясы туындады.

    Журналға судың pH көрсеткішін, өнген тұқым санын, өну пайызын және өскін ұзындығын енгізіп, нәтижелерді диаграмма түрінде көрсетуге болады.

    Цифрлық шешімді әзірлеу кезінде ChatGPT жасанды интеллект құралын көмекші ретінде пайдаландым. Ал зерттеуді ұйымдастыру, тәжірибе жүргізу, бақылау нәтижелерін тіркеу және қорытынды жасау өз жұмысым болды.

    – Жобаның оқушыларға берері қандай?

    – Ең бастысы, оқушылар дайын ақпаратты қабылдаушы емес, өздігінен ізденетін зерттеуші болуға үйренеді. Олар сұрақ қояды, болжам жасайды, тәжірибе жүргізеді, нәтижелерді салыстырып, дәлелді қорытынды шығарады.

    Сонымен қатар топпен жұмыс істеу, мәліметтерді талдау және цифрлық құралдарды пайдалану дағдылары қалыптасады.

    – Алдағы жоспарларыңыз қандай?

    – Зерттеуді жалғастырып, тұқым санын көбейту және тәжірибені бірнеше рет қайталау жоспарымда бар. Сонымен қатар өсімдіктің биіктігімен бірге жапырақ саны мен тамырдың дамуын да бақылағым келеді.

    EcoBioLab Digital журналын жетілдіріп, оған фотосуреттерді, бақылау күндерін және кері байланысты тіркеу мүмкіндіктерін қосуды көздеп отырмын.

    – Әңгімеңізге рақмет!

    EcoBioLab Digital жобасы тәжірибе мен цифрлық технологияларды ұштастыра отырып, оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған. Жоба білім алушыларды өздігінен ізденуге, тәжірибе нәтижелерін талдауға және ғылыми тұрғыдан ой қорытуға баулиды. Бұл – заманауи технологияларды білім беру үдерісінде тиімді қолданудың жарқын үлгісі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының білім басқармасы" жаңалықтары